Кезінде билікте болған, қазір блогерлікпен айналысатын Марат Төлібаевтың жазбасы күллі орыстілді қауымға қарата айтылған екен. Айтылмай жатқан жоқ, анығында. Тек естір құлақ жоқ. Төлібаевтың жазғанын оқуы оқығанмен, соны көкірек көзінен өткізгендер санаулы-ақ, құдай біледі. Қазақша үйренгісі келмейтіндер бұған сан түрлі себеп табарына, етіміз үйренген. Сонымен Төлібаев былай депті: «Мен өзі орыстілді қазақпын. Орысы көп қалада өстім. Орыс мектебінде білім алдым. Жоғары оқу орнына түскенде де орысша оқыдық. Оқу бітіріп, жұмысқа кіріскенде де араласқан ортам негізінен орыстілді еді. Жасырып не керек, әлі күнге дейін орысша ойлап, орысша сөйлеймін. Орысша түс көремін... Жасырып не керек, Қазақстанда орыс тілінің үстемділігі сақтала берсе, орыс тілінің көсегесі көгере түссе орыстілді мен үшін тиімді болар еді. Бірақ... Мен бәрібір қазақпын. Орыстілді болсам да қазақпын. Орыстілді қазақ өзінің ұлтына, өзінің тіліне, діліне жаны ашымайды деп ойлайсыз ба? Олай ойласаңыз, қателесесіз. Түсінбей-ақ қойдым. Неліктен қазақтардың өз елінде, өз жерінде жүріп құқығы шектелуі, намысы аяққа тапталуы тиіс?