DALA INSIDE Информационное агентство DalaNews.kz
Мир

«Росатом» мен Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі АЭС салуға арналған келісімшартқа қол қойды

«Росатом» мен Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі АЭС салуға арналған келісімшартқа қол қойды

3 қыркүйекте Шығыс экономикалық форумы аясында «Росатом» мемлекеттік корпорациясы мен «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС (ҚАЭС) жалпы электр қуаты 2400 МВт болатын екі энергоблоктан тұратын «Балқаш» АЭС-ін салуға арналған EPC-келісімшартқа қол қойды. Атом электр станциясы Қазақстанның Алматы облысы Жамбыл ауданының Үлкен ауылының маңында салынады. Ресей тарапынан құжатқа «Росатом» мемлекеттік корпорациясының атом энергетикасы жөніндегі бас директордың бірінші орынбасары, «Атомстройэкспорт» АҚ президенті Андрей Петров, қазақстандық тараптан ҚАЭС бас директоры Ернат Бердіғұлов қол қойды. Қол қою рәсімі «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв пен Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің қатысуымен өтті.

Қол қойылған келісімшарт болашақ «Балқаш» АЭС жобасында ресейлік және қазақстандық тараптардың жауапкершілігін бекітеді. «Росатом» халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде жобаны іске асыру бойынша жұмыстардың бүкіл цикліне: жобалау мен сатып алудан бастап құрылыс, іске қосу-баптау жұмыстары және дайын нысанды тапсырыс берушіге тапсыруға дейін жауапты болады.

Болашақ станцияның негізін III+ буынының заманауи ВВЭР-1200 реакторлары (электр қуаты 1200 МВт болатын су-сулы энергетикалық реактор) құрайды. Бұл технология қауіпсіздік саласындағы ең қатаң халықаралық талаптарға жауап береді және қазіргі уақытта Ресейде, Беларусьта, Түркияда, Бангладеште, Мажарстанда, Мысырда және Қытайда жұмыс істеп тұрған және салынып жатқан нысандарда сәтті қолданылуда. Реактордың қызмет ету мерзімі - 60 жыл. Оның қызметін тағы 20 жылға ұзарту мүмкіндігі бар.

«Қол қойылған құжат біздің Қазақстанмен ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңін білдіреді. Алдағы уақытта «Росатом» жобалау жұмыстарын жүзеге асырып, жабдық жеткізуші компаниялардан халықаралық консорциум құруы тиіс. Бұл ретте жобаның барлық кезеңінде біз басты міндетті нақты ұстанамыз: қауіпсіздік пен тиімділік бойынша ең қатаң халықаралық талаптарға жауап беретін энергоблоктарды салу және пайдалануға беру. Ресейдің атом технологиялары Қазақстан Республикасының энергетикалық тәуелсіздігі мен орнықты дамуының сенімді негізіне айналатынына сенімдіміз», – деп атап өтті «Росатом» басшысы Алексей Лихачёв.

Қазіргі уақытта болашақ АЭС орналасатын өңірде 2025 жылғы тамызда басталған іздестіру жұмыстары жалғасуда. Мамандар тереңдігі 120 метрге дейінгі 60-тан астам ұңғыма бұрғылап, талдау жүргізуге қажетті сынамаларды алды. Қазір зертханалық жағдайда энергоблоктарды орналастыру үшін оңтайлы алаңды таңдау мақсатында материалдар тексерілуде. 2027 жылы бұл жұмыс аяқталып, инженерлер энергоблоктарды салуды бастауға қажетті рұқсат құжаттарын алуға мүмкіндік беретін құжаттаманы әзірлеуге кіріседі.

2025 жылғы 14 маусымда «Росатом» Қазақстандағы қуаты үлкен алғашқы АЭС құрылысы жөніндегі халықаралық консорциумның көшбасшысы болып айқындалды.

2025 жылғы маусымда Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы барысында «Росатом» мемлекеттік корпорациясы мен Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі арасында АЭС құрылысы жобасының индикативті жол картасы бекітілді. Құжат тараптар арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі кезеңдерін: инженерлік-іздестіру жұмыстарын ұйымдастыруды, жобалық құжаттаманы дайындауды, сондай-ақ EPC-келісімшартын (жобалау, сатып алу және құрылыс жөніндегі келісімшарт) жасасуды айқындайды.

2026 жылғы 28 мамырда Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Республикасының аумағында атом электр станциясын салу жобасы бойынша ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары мен шарттары туралы Ресей Федерациясының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасында келісім жасалды. Құжатта АЭС салу жобасының негізгі параметрлері және АЭС-ті пайдалану кезеңіндегі ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, оның ішінде сервистік қызмет көрсету және отын жеткізу мәселелері айқындалды.

АЭС құрылысы жобасы Қазақстан мен Ресей арасындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге сәйкес жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаттары — Қазақстанның ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ұлттық ядролық инфрақұрылымды дамыту және ел экономикасының көміртегі ізін азайту жөніндегі міндеттерді ілгерілету.

Ресей атом энергетикасы саласындағы технологияларды әлемдегі жетекші экспорттаушылардың бірі болып табылады және кадрлар даярлау мен озық тәжірибені беруді қоса алғанда, АЭС құрылысы бойынша халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытуды жалғастыруда.