Статистика агенттігінің төрағасы, экономика және сауда министрі (1999 – 2002), білім және ғылым министрі (2003 – 2004), еліміздегі екі ірі ұлттық компанияның вице-президенті және президенті... Мансап жолымен жоғарылау үстіне жоғарылай түскен. Бірақ 2008 жылы ол 100 мың доллар пара алды деп айыпталды. Ал сот қызмет бабын асыра пайдаланғанын ғана дәлелдеп, үш жылға бас бостандығынан айырды. Бір жылдан кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босап шықты. Жақсыбек Құлекеев содан жеті жыл өткеннен кейін «КАРАВАН» тілшісіне эксклюзивті сұхбат беруге келісті. Бұл оның темір тордың ар жағында өткен күндері туралы бүкпесіз әңгіме болды. «Көлігімнен ақшаның табылуы кінәлі екеніме дәлел бола алмайды» – Жақсыбек Әбдірахметұлы, сіз тұтқындалған кезде қоғам дүрлігіп кетті. Ақпарат құралдарында әртүрлі әңгіме айтылып жатты. Біреулер бұл сізге қарсы әдейі істелген десе, енді біреулер нағыз парақор екеніңізге шәк келтірмеді. Ал өзіңіз бұған қатысты не айтасыз? - Ең алдымен бұл мәселені қозғауға көңілімнің хошы жоқ екенін айтқым келеді... Ал шындығына келсек, мені пара алды деп айыптап, тергеу қапасына тоғытуға еш негіз жоқ еді. Сот барысында маған тағылған айыптың жөнсіз екеніне бұлтартпас дәлел келтірілді. Мұның әдейі жасалғаны ұсталған кезімнен-ақ мәлім болды. Қоғамға соншалықты қауіп төндіретіндей әрекет жасаған жоқ едім. Теория бойынша, қылмыстың жан-жақты және біржақты белгілері болады. Екеуінің бірі болмай шықса, адамды қылмыс жасады деп айыптауға еш негіз жоқ. Мұндай қылмысқа бару үшін екі тарап алдымен өзара келісіп алуы керек қой. Ал мені тек екі адамның айтуымен айыптады. Оның бірі тендер алғысы келіпті-міс. Екіншісі «ары жібермей», қаржы полициясына арыз жазған. Руслан Местоевтың сол арызында айтуынша, ол 2008 жылдың 6 наурызында маған келіпті, сонда мен оған әлдебір «Бекет АСТ» фирмасына тендер алып беру үшін 100 мың доллар әкел деппін. Бірақ мен тендер мәселесімен ешқашан айналысқан емеспін. Бұл, негізі, нақ сол Местоевтың өзінің міндеті болатын. Өйткені ол мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру жөніндегі басқарушы директор еді ғой. Бірақ мұны өзінің ары білсін. Ең алдымен айтайын дегенім осы. Сотта оның сөзінің жалған екенін, ол кезде әріптестеріммен бірге іссапарда жүргендіктен арамызда әлгіндей әңгіме болмағанын дәлелдеп бердім. Енді «Бекет АСТ» фирмасы өкілінің айтқандарына тоқталайық. Арыз жазылған кезде ондай компания болмаған. Өйткені ол 2007 жылдың маусым айында жабылып қалыпты. Ал менің 2008 жылдың 1 сәуірінде тұтқындалғанымды білесіз. Сот барысында бұл компанияның қағаз жүзінде ғана бар екені, ешқашан да тендерге қатысып көрмегені анықталды. Оның құрылтайшысы мамандығы бухгалтер, жалғызбасты ана екен. Ол сотта бұл фирманы кейін бір бизнеспен айналысармын деген оймен ашқанын айтты. Фирманың офисі болмағанын, есеп шоты арқылы ешқандай операция жүргізілмегенін растайтын құжат