Халықаралық ақпараттық технологиялар (ІТ) университеті – жақында құрылған оқу орындарының бірі. Ол 6 жыл бұрын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ашылған болатын. Президент мұндай тапсырманы бекерге берген жоқ. Ел жаңарып жатыр, жер жаңарып жатыр. Әлем өзгеруде. Жаңа технологиялар бір кезгі «сәбеттік» ескі-құсқы құндылықтардың орнын алмастыруда. Бұл тұрғыда, әсіресе, 2009 жыл «технологиялық дүмпудің» кезі болды. Дамир ШЫНЫБЕКОВ, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры: БІЗ АҒЫЛШЫН ТІЛІН ТЕРЕҢДЕТІП ОҚЫТАМЫЗ – Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті – бұл Қазақстанның Инновациялық стратегиясына жауап беретін және соған сай бәсекеге қабілетті ІТ мамандар әзірлеп шығаратын еліміздің жетекші оқу орны. ІТ Университеті – Қазақстан ғана емес, Орталық Азия өңірінде үздік. Мұны мемлекет көріп отыр. Осы себепті биыл бізге Үкімет тарапынан 500 грант берілді. Біз ағылшын тілін тереңдетіп оқытамыз. Біз Американың ұстанымын қолдаймыз, яғни, адамның жеке қасиеттері мен шығармашылық талантын шыңдаймыз. БОЛАШАҚ – БОС СӨЗ ЕМЕС Бұдан сырт, «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» Стратегиясы, Қазақстанның Даму стратегиясы, одан қалды «Нұрлы жол» бар. Бұлардың барлығы болашаққа бағытталған бағдарламалар. Біздің, жалпы адам баласының түсінігінде болашақ дегеніміздің өзі бақытты өмір, жаңа технологиялар, дамыған әлем... Сайып келгенде, инновация, жаңа технологияларды енгізу атты ұғымдардың өзі болашақпен байланысты. Бірақ, егер бұларды жүзеге асыратын сапалы кадр болмаса, болашақ дегеніміздің өзі әншейін бос сөз. Жаңаша ойлайтын, жаңа типтегі, жаңа кейіптегі кадрлар. Міне, ІТ университетін құрудағы Президенттің көздеген ең басты мақсаты осы болатын. Қазіргі күні бұл оқу орны әрі мемлекеттік, әрі жекеменшік. Мемлекет тарапынан оқу орнындағы білім сапасын, оқу деңгейін Инвестиция және даму министрлігі қадағалайды. Атап айтқанда, осы ведомствоға қарасты «Зерде» холдингі ІТ университетіндегі атқарылып жатқан жұмыстарды әрдайым назарында ұстайды. Сосын, яғни келесі кезектегі құрылтайшы «Нұрсұлтан Назарбаев атындағы Білім қоры». Бұл қорға өздеріңіз білесіздер, Динара Назарбаева жетекшілік етеді. Сонымен қатар, бұл университетте жеке бизнестің үлесі бар. Атап айтқанда, UIB (Халықаралық бизнес университеті) президенті Ерлан Сағадиев ІТ университетінің сапалы, заманауи білім беруін бақылауында ұстап жүрген азаматтардың бірі. Мұның бәрін бекерге айтып отырған жоқпыз. Университетті екі шоқып, бір қарап отырған құрылтайшылар бар. Бастысы, бақылау бар. Бақылау, қадағалау болған жерде, тәртіп пен жүйе болады. 2009 жылы оқу орны ең алғаш ашылған тұста университетке мемлекет тарапынан 312 грант берілген еді. Ал биылғы жылы дәл осы гранттар саны 500-ге жетті. Осы уақытқа дейін университет қабырғасында 5 техникалық, 2 экономикалық (менеджмент және қаржы) және электронды журналистика мамандығы ашылды. Сайып келгенде, дәл әзіргі күні университет қазіргі әлеуметтік-экономикалық ортаға қажетті 8 түрлі мамандық иелерін даярлап шығады. Әрине, магистратура да бар. Бұған информациялық жүйелер, бағдарламалық қамтамасыз ету және жобаларды басқару саласы қамтылған. Ең бастысы, бұл салалар бойынша биыл грант беріледі. Ал былтыр мұндай болмаған еді. Сонымен бірге докторантура да бар. Бұларға информациялық жүйелер және бағдарламамен қамтамасыз етудің есептік техникалар салалары енген. ӘЛЕМ ЖӘНЕ ӘРІПТЕСТІК Дәл әзіргі күні университет әлемнің беделді университеттерімен әріптестік байланыс орнатқан десек, артық емес. Дәлелдейік. Бүгінгі таңда ІТ университетінің ең негізгі әріптесі Carnegie Mellon университеті. Бұл оқу орны алыстағы алып құрлық Американың Питсбург қаласында орналасқан. Ең қызығы, университетке сенімді серіктес іздеуге мемлекеттің, Үкіметтің өзі атсалысқан. ІТ университетінің PR және маркетинг департаментінің директоры Майраш Тайкенованың айтуынша, бүгінгі күні Carnegie Mellon университеті ақпараттық технологиялар бойынша жаһанның ТОП-5 оқу орындарының қатарына кіреді. – Біз олардан өз саламызға қатысты бағдарламаларды сатып аламыз. Бұл оқыту курстары... Олардың iCarnegie деп аталатын оқу бағдарламасы бар. Нақтылай кетейін, Қазақстандағы ІТ университеті атақты Карнеги университетінің тәжірибесін қолданып отырған әлемдегі 16-шы мектеп. Carnegie университетінің курстары Катарда, Қытайда және басқа да дамыған елдерде ерекше сұранысқа ие. Күллі ТМД кеңістігінде дәл біздің деңгейдегі ІТ университеті жоқ, – дейді Майраш Гомарқызы. Әңгімені сабақтай түссек, аталған курсты сатып алған ІТ университетінің ұстаздары осы бағдарламалар бойынша өздерінің білімі мен білігін жетілдіреді. Яғни, осы курс бойынша сабақ бере алады деген құқыққа ие болады. Әрине, бұдан кейін ұстазда