Атателден тараған түркітілдестердің түп-тұқиянынан бүгінге дейінгісін жүйелеуді, осы мақсатта түркі тілдерін түгел қамтып, лингвистиканың барлық саласында салыстырмалы-тарихи, салғастырмалы зерттеулер жүргізуді қолға алып, аталған бағытта маман даярлаумен айналысып жүрген бірегей ғалым – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультеті «Түркітану және тіл теориясы» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Авакова Раушангүл Амирдинқызы. Асылында, әр қадамын абайлап, ақырын жүріп, анық басатын, артында қалдырған игі істерін өзі де байқай бермейтін, бойындағы ізгілікті төңірегіне таратып жүретін жаны жомарт жандар болады. Бүгінде адамзат ғұмырының алтын белесі, абырой мен ардың жасы - 60 жасқа аяқ басқан профессор Раушан Әмірдинқызын осындай тұлғаларға жатқызсақ қателеспеген болар едік. Қазақстанның зиялы интеллектуалдық әлеуетін құрайтын үлкен кеңістіктің бір бөлшегі екенін сүйсіне айта отырып, мыңнан бір мезетінің осы бір сәтінде алпыс жылдық саналы ғұмырына антропоцентристік көзқараспен, трансформацияланған жаңа санамен баға беруге болады деп ойлаймыз. Раушан Амирдинқызының ғылым жолына жасаған алғашқы қадамы ескінің соңы, жаңаның басы болған мың тоғыз жүз тоқсан бірінші (1991) жылдармен тұспа-тұс келді. Азуы алты қарыс алып империя атанған – Кеңестік жүйенің көбесі сөгіліп, одақтас республикалардың бір-бірінен іргесін алшақтата бастаған кез еді. Қоғамдық үлкен өзгерістер болып, формациялар ауысып, жетпіс жыл қалыптасып, қанға сіңіп, бойға тарап кеткен идеологияның тас-талқаны шығып жатқан уақыт экономикадан бастап, ғылым-білім, өнер мен мәдениет деңгейінде де үлкен дағдарыстар туғызып жатты. Дәл осындай балапан басымен, тұрымтай тұсымен кетіп жатқан кезеңде болашағы белгісіз, тұманды көрінген ғылымнан қол үзбей, академик Әмен Қайдаровтың ғылыми жетекшілігімен «10.02.02 – языки народов СССР (ұйғыр тілі)» мамандығы бойынша «Семантико-морфологическая характеристика глагольных фразеологизмов современного уйгурского языка» атты кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. 1991 жылдың желтоқсанындағы Қазақстан Республикасының Тәуелсіз мемлекет ретінде жариялауымен жас мемлекеттің жаңа даму жолы басталса, дәл осы жылы жаңадан ғана филология ғылымдарының кандидаты атанған Авакова Раушангүл Амирдинқызының тәуелсіз, дербес, азат Қазақстандағы ғылыми жаңа дәуірі мен өмірі басталды. Жылдарға жылдар қосылып, күн артқан сайын ежелгі көшпенділер даласын түркілік рухты оятатын «Мәңгілік ел» сарыны тербете бастады. Сарыарқаның даласы Нұрсұлтандай нән қалаға айналды. Өз Атазаңы мен шекарасы бар, барлық атрибуттық символдары мен мемлекеттік тілі бар азат елдің алғашқы қадамдары оңай болмағаны белгілі. Білім мен ғылым – әрбір мемлекеттің жүрегі екенін ескерсек, жаңа туған нәресте-елдің жүрек соғысын қалыпқа келтіру де, бірізділікке түсіру де жеңілдікпен келмейтіні түсінікті. Тәуелсіздік алғаннан кейін ағартушылық жолында аянбай еңбек еткен, отандық тіл білімі ғылымы мен Жоғарғы Мектеп саласында тоқтаусыз қызмет жасаған ғалымдар легінің алдыңғы толқынында тұрғандардың бірі де, бірегейі де – Раушангүл Амирдин